
Жыл соңына дейін Қазақстандағы 27 жолаушылар пойызына спутниктік интернет іске қосылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
«Сонымен қатар, 2026 жылдың соңына дейін «Қазақстан Темір Жолы» АҚ
OneWeb және Starlink секілді геостационарлық емес спутниктік жүйелердің
технологиялары арқылы 27 жолаушылар бағытын интернетпен қамтамасыз етуді
жоспарлап отыр», – делінген жауапта.
Мәдиевтің айтуынша, жыл соңына дейін республикалық автожолдар бойында байланыс жоқ аумақтарды жою үшін антенна-діңгек құрылғылары орнатылады. Ал 2027 жылы облыстық жолдар бойында тағы 243 нысан салу жоспарланған.
Сонымен қатар Цифрлық даму министрлігі мен Туризм министрлігі 2027–2028 жылдары 4G мобильді интернет енгізілетін 50 туристік локацияны анықтаған.
Айта кетейік, Қазақстан Starlink-ке ресми түрде 2025 жылғы тамызда қосылған. Ал 2026 жылғы ақпанның басында оған Тәжікстан да кірді. Сәуірдің ортасында қырғыз билігі жуырда ел аумағына жылдам спутниктік интернет келетінін жариялады. SpaceX жоспары бойынша, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан желіге 2026 жылы ресми түрде қосылуға тиіс.