Жаңалықтар

Биыл Астанада күрестен әлем чемпионаты өтеді

чемпионат мира по борьбе
фото: gov.kz

2026 жылдың 24 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Астанада күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық ұйымы Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы мен ірі жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесін жоғары бағалап, осындай шешім қабылдаған.

Әлемдік доданы өткізу құқығын иелену үшін UWW өкілдері еліміздің дайындық деңгейін жан-жақты зерделеді. Былтыр ұйым президенті Ненад Лалович Астанаға арнайы сапармен келіп, қаланың спорт нысандары халықаралық талаптарға сай екенін атап өткен болатын. Нәтижесінде жаһанның үздік палуандары бас қосатын байрақты бәсекені қабылдау Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешеніне сеніп тапсырылды.

Мамандардың пікірінше, мұндай деңгейдегі жарыстар жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып, халықаралық ынтымақтастықты жаңа белеске көтереді.

Ал келесі жылы Астана бокстан әлем чемпионатын қабылдайды.