Жаңалықтар

Депутат өлімі: Маңғыстаудағы клиника лицензиясы жоқ деген ақпаратқа пікір білдірді

фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың өліміне қатысты «Қасиет» клиникасы әлеуметтік желілерде тараған айыптауларға жауап берді. Емдеу мекемесі ресми мәлімдемесін Instagram-парақшасында жариялады.

Медициналық орын «лицензиясы жоқ» деген ақпаратты жоққа шығарды. Мәлімдемеге сүйенсек, мекеме 2015 жылдан бері берілген ресми лицензия негізінде жұмыс істейді және оның ішінде анестезиология мен реаниматология бағыттары да қамтылған.

Клиника әкімшілігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің тексерісі аяқталғанын хабарлап, жұртшылықты жалған ақпарат таратпауға шақырды.

«Азаматтар мен заңды тұлғалардың абыройына нұқсан келтіретін жалған мәлімет тарату Қазақстан заңнамасы бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз», – деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін 49 жастағы депутат Ербол Айтуовтың пластикалық отадан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Ол 2026 жылдың 5 мамырында көз жұмған.

 Жұбайының айтуынша, күйеуі инсульт алған. Жәбірленуші клиника уақытында көмек көрсетпей, науқастың нақты жағдайын жасырды деп мәлімдеген.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген жоспардан тыс тексеріс материалдары прокуратураға тапсырылды. Қайғылы оқиғаның ресми себебін құқық қорғау органдары анықтауы тиіс. Ербол Айтуов өңірге танымал тұлға болған. Ол депутаттық қызметтен бөлек облыстық Кәсіпкерлер палатасында маңызды комитетті басқарған.