
АҚШ үкіметі соңғы 21 күнде Конго Демократиялық Республикасы, Уганда немесе Оңтүстік Суданда болған грин-карта иелерінің елге кіруіне уақытша тыйым салынғанын жариялады. Шара ел аумағына Эбола безгегінің таралуын болдырмау мақсатында енгізіліп отыр деп жазады The Washington Post
Тыйым салу туралы өкімге Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі Роберт Кеннеди-кіші қол қойды. АҚШ билігі бұл шектеулерді енгізу үшін денсаулық сақтау туралы заңның Title 42 деп аталатын тармағын негізге алды. Бұл тетік қауіпті инфекциялардың таралу қатері туындаған кезде елге кіруді уақытша шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы заң нормасы коронавирус пандемиясы кезінде де қолданылған еді.
Бұған дейінгі шектеулер тек шетелдіктерге ғана қатысты болған еді. Ал Америка азаматтары мен грин-карта иелеріне ерекше жағдай ретінде елге кіруге рұқсат беріліп келген.
Соңғы мәліметтер бойынша, Конгода Эболадан көз жұмғандар саны 177-ге жетіп, жұқтырғандар саны 750-ден асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебреисус індеттің ел ішінде тез таралып жатқанын және ұлттық деңгейде қауіп өте жоғары екенін мәлімдеді.
Еске салайық, осы жылы көктемде АҚШ грин-карта ойнатудың ережесін өзгертетіні хабарланған еді. Енді ел билігі алаяқтармен күресу үшін, жеке деректерді қатаң тексеретін болады.