
Бүгін Алматыдағы «ADD» үстел теннисі орталығында журналистер мен блогерлер үстел теннисінен бақ сынады. Өңірлік коммуникациялар қызметі қала әкімдігінің қолдауымен өткізген сайыста Kursiv Media тілшілері жүлделі орын иеленді.
Әдетте спорттық жарыстың бел ортасында жүретін мамандар бұл жолы өздері тартыс алаңына шықты. Қаланың белді БАҚ өкілдері, тележүргізушілер, тілшілер, спорт шолушылары, фотографтар мен блогерлер бір сайыста бас қосты.
«Қатысып жатқандардың кейбірімен былтырғы турнирде кездескенмін. Дайындықтары жоғары екен, сондықтан бүгін барынша жинақы болу керек», — дейді былтырғы турнирдің жеңімпазы, Bizmedia.kz өкілі Айнұр Байтұма.
Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлде «Хабар» телеарнасының тілшісі Қайрат Зиябековке бұйырды. Екінші орында «Курсив Медиа» тілшісі Алмас Магпоз иеленді. Ал редакцияның тағы бір журналисі Рауан Мутайыр бесінші орын алды. Үшінші орын «Информбюро» 31 арнасының тілшісі Ержан Жүнісовтың қанжығасына бұйырды.
Төртінші орынды «Хабар» телеарнасының тілшісі Саят Шапағатов, алтыншы орынды «Алатау ақпараттан» Естай Босжан, ал жетінші орынды «Мир» телеарнасынан Кирилл Харламов иеленді.


Сайыстың жалпы жүлде қоры 2 млн теңге, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.
- 1 орын – 500 000 теңге;
- 2 орын – 400 000 теңге;
- 3 орын – 300 000 теңге;
- 4 орын – 200 000 теңге;
- 5–7 орындар – 100 000 теңгеден.
Қатысушылар жылдамдығын, реакциясын, тактикалық ойлау қабілеті мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, жарыс барынша тартысқа толы болды. Ұйымдастырушылар қонақтарға арнап ойын-сауық бағдарламасы мен фуршет те ұйымдастырды. Бұл іс-шара сөйтіп жай ғана турнир болудан қалып, спорт пен медиа қауымдастықтың үлкен мерекесіне айналды.