Жаңалықтар

Қытай шахтасында газ жарылып, 82 адам қайтыс болды

фото: ашық дереккөзден

Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясында орналасқан көмір шахтасындағы газ жарылып, 82 адам қайтыс болды. Бұл туралы «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабарлады. Тағы тоғыз жұмысшы іздестіріліп жатыр.

Жарылыс жұма күні кешкісін Цинюань уезіндегі «Люшэньюй» шахтасында болған. Оқиға кезінде жер астында 247 жұмысшы жүрген. Цинюань уезінің төтенше жағдайлар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір құтқару жұмыстары жүріп, ал апаттың себебі тексеріліп жатыр.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин зардап шеккендерді емдеуге және іздестіру-құтқару жұмыстарына бар күш-жігерді жұмсауды тапсырды. Сондай-ақ, ол апаттың себебін мұқият тексеріп, кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды бұйырды. Мемлекеттік БАҚ шахтаға жауапты компания басшылары ұсталғанын да хабарлады.

Reuters жазуынша, 2000-жылдардың басынан бері Қытай ережелерді күшейтіп, қауіпсіздік шараларын қатаңдатып, көмір шахталарындағы өлім-жітімді (көбіне газ жарылысы немесе су басудан болатын) айтарлықтай азайтқан. Соған қарамастан, «Люшэньюй» шахтасындағы бұл оқиға соңғы онжылдықта Қытайда тіркелген ең ірі апаттардың бірі болып отыр.

Бұған дейін Қазақстандағы ең ірі металлургиялық зауыттың бірі «Қазмырышқа» тиесілі цехта жарылыс болып, үш адам қайтыс болғанын жазған едік.

Оқи отырыңыз: «Дабыл қағылған жоқ»: «Қазмырыштағы» жарылыс туралы куәгерлер не дейді (фото)