Жаңалықтар

Қазақстанның 7 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Фото: kursiv.media архиві

24 мамырда Қазақстанның жеті қаласында ауаның ластану деңгейі күшейеді. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің мәліметінше, ауа сапасының нашарлауы Жезқазған, Орал, Ақтөбе және Алматы қалаларында күтіледі. Ал түнгі уақытта Қарағанды, Балқаш және Теміртау қалаларында қолайсыз метеожағдайлар тіркеледі.

Синоптиктердің хабарлауынша, қолайсыз метеожағдайлар жел екіпіні бәсеңдеп, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың бірігуінен туындайды. Олар атмосферадағы зиянды қоспалардың жерге жақын қабатта шоғырланып, таралмай қалуына әсер етеді.

Ауа сапасы көбіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және температура сияқты синоптикалық жағдайларға байланысты болады.

Қолайсыз метеожағдай кезінде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе, автокөлік жолдары мен ластанған аймақтарға жақын болмауға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тарту ұсынылады.

Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру кеңес етіледі.

Сондай-ақ мамандар ашық ауада қатты физикалық күш түспеуге, мүмкіндігінше спорттық жаттығуларды жабық алаңдарда өткізуді ұсынады.

Айта кетейік, синоптиктер 24 мамырда ел аумағында жауын-шашын мөлшері артып, дауылды ескерту болатынын жариялады.