
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілерді алкогольге тексеру ережелерін қайта қарайды. Бұған наркологиялық орталықтар тарапынан анықталған заңбұзушылықтар себеп болған. Бұл туралы ведомствода өткен кеңесте мәлім болды.
Денсаулық сақтау министрлігінде қазақстандықтардың шағымдары, депутаттық сауалдар және жүргізушілерді куәландыру кезінде бекітілген тәртіптің сақталмауына қатысты анықталған фактілер қаралған.
Нәтижесінде министр Ақмарал Әлназарова Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне елдегі барлық өңірлік наркологиялық орталықтарды тексеруді тапсырды. Сондай-ақ министр стандарттардың бұзылғаны анықталса, материалдар полицияға жолданатынын ескертті.
Сонымен қатар министрлік медициналық куәландыру жүргізу тәртібін реттейтін ведомстволық бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр.
Әзірге нақты қандай түзетулер енгізілетіні жарияланбады. Алайда министрлік бұл өзгерістер рәсімнің ашықтығын күшейтіп, азаматтардың құқығын қорғауға және даулы жағдайларды азайтуға бағытталатынын мәлімдеді.
Айта кетейік наурыз айында ДСМ «Ашық НҚА» порталында алкогольдік немесе өзге де психоактивті заттардың әсерін анықтауға арналған медициналық куәландыру ережелерін өзгерту туралы бұйрық жобасын жариялаған болатын.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Мұрат Әбенов полиция қолындағы алкотестер дұрыс істемейтінін, соның кесірінен азаматтар зардап шеккенін айтқан болатын. Депутат арақ ішті деп көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтар өте көп екенін мәлімдеді. Мәжілісмен заңдық нормалар көп жағдайда азаматтарға өз позициясын дәлелдеуге мүмкіндік бермейді деп санайды.
Алайда Сенат депутаты Марат Қожаев қазіргі жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтып, оны өзгертудің қажеті жоқ деп санайды.