Жаңалықтар

112 хабарламасы неге бәріне бірдей уақытта келмейді

фото ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 112 нөмірінен тұрғындарға жіберілетін хабарламалар неге әртүрлі уақытта барады? Ол үшін бюджеттен қаражат бөліне ме? Kursiv Media осыған қатысты төтенше жағдай министрлігіне арнайы сауал жіберген еді.

Неге хабарлама уақыты әртүрлі?

Желі қолданушылары 112-ден келетін хабарлама азаматтарға түрлі уақытта келетінін жиі жазады. Мәселен, нөсер жауатыны туралы хабарлама біріне кешкі 18:00-де келсе, екінші тұрғынға 20:30-да баруы мүмкін. Министрлік мұны байланыс операторлары желілерінің техникалық мүмкіндіктері мен сол сәттегі жүктемемен түсіндіреді. Яғни хабарламалар тұрғындарға кезең-кезеңімен жеткізіледі.

«SMS-хабарламаларды жеткізу байланыс операторлары желілерінің техникалық ерекшеліктері мен сол сәттегі жүктемені ескере отырып жүзеге асырылады, осыған байланысты хабарламалар абоненттерге бір мезгілде емес, кезең кезеңімен келуі мүмкін», – деп жазылған министрлік жауабында.

Атап өту керек, SMS-хабарламалар кешігіп жетсе немесе мүлде жеткізілмесе, операторларға айыппұл санкциялары көзделмеген яғни жауапқа тартылмайды. Бірақ байланыс операторлары желілердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.

SMS-хабарлама қаншалықты жиі жеткізіледі?

ТЖМ мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері халыққа 5 713 төтенше сипаттағы SMS-хабарлама таратылған. Оларды «112» қызметінің мамандары жазады, ұзақтығы кириллицада 70 таңбадан, ал латын қарпінде (бос орындарды қоса алғанда) 160 таңбадан аспауы керек. Одан әрі байланыс операторларына электрондық түрде жолданады.

Жіберілген sms-хабарламалар үшін бюджеттен қаржы төлене ме?

Министрлік мәліметінше, «Байланыс туралы» заңға сәйкес, байланыс операторлары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай қаупі туындағанда халыққа 112 қызметі арқылы SMS-хабарламаларды ақысыз жіберуге міндетті. Сондықтан бұл қызметке бюджеттен арнайы қаражат қарастырылмайтыны жазылған ведомство жауабында.

Айта кетейік, Қазақстанда халықты төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету жүйесі 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі арқылы жұмыс істейді. Бұл жүйе табиғи апат, дауылды ескерту, өрт қаупі, су тасқыны, боран, жер сілкінісі сияқты қауіп кезінде тұрғындарға қысқа мәтіндік хабарлама жіберуге арналған.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда алғаш рет құтқарушыларға арналған демалыс кешені салынады