Жаңалықтар

Ақтау әуежайында шетелдік 1 келі апиынмен ұсталды – ҰҚК

КНБ, бильд-редактор: Дастан Шанай
КНБ, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес аясында сәуір айынан бері есірткі жеткізудің 11 арнасын жойған.

ҰҚК ақпаратына қарағанда, оның тоғызы – халықаралық, екеуі өңірлік жеткізу арнасы болған.  Сонымен қатар бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.

ҰҚК Ақтау әуежайында денесіне жасырылған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын алып өтпек болған шетел азаматын ұстаған. Ал Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген қазақстандық қолға түсті.

Бұдан бөлек, «көкнәр сабанын» контрабандалық жолмен тасымалдап, таратумен және одан есірткі өндірумен айналысты деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Арнайы операциялар барысында:

– 3,4 кг апиын;

– 9 кг гашиш;

– 11,4 кг синтетикалық есірткі;

– 18,5 кг гашиш майы;

– 26,4 кг марихуана;

– 110 грамм кокаин;

– 20 тонна көкнәр сабаны;

– 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.

Құқық қорғау органдары 23 Қазақстан азаматы мен 3 шетелдікті ұстаған. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Мұның алдында ҰҚК шекара арқылы 1 млрд теңгенің бағалы металын өткізбек болғандарды анықтады.