Жаңалықтар

«Болашақ» ережесі өзгерді: атом саласы мамандарына басымдық беріледі

Болашақ
фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкіметтің 2026 жылғы 20 мамырындағы қаулысымен «Болашақ» стипендиясын алатын үміткерлерді іріктеу ережелері өзгерді.

Енді бағдарламада «атом саласының қызметкері» ұғымы нақты бекітілді. Бұл санатқа атом энергетикасы, уран өндіру, радиофармацевтика, ядролық технологиялар саласында еңбек ететін мамандар кіреді. Олар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу немесе тағылымдамадан өту үшін кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы керек.

Сондай-ақ инженерлік-техникалық қызметкерлерге қойылатын талаптар нақтыланды. Техникалық бағыт бойынша «Болашақпен» оқу үшін кемінде бір жыл еңбек өтілі болуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Болашақ түлегін жаңа лауазымға тағайындады

Өзгерістер техникалық кадрларға ғана қатысты емес. Енді магистратураға түсетін ауылдық жерден шыққан үміткерлерге арналған жеке санат енгізілді. Олар соңғы екі жыл бойы ауылдық жерде тіркеліп, сол жерде еңбек етуі қажет деген жаңа талап бар.

Бұдан бөлек, конкурсқа қатысушылар үшін мотивациялық хат жазу да міндеттелді. Құжаттағы ереже бойынша, көлемі 500 сөзден аспауы керек. Мотивациялық хатта үміткер таңдаған оқу орнының артықшылықтарын, шәкіртақы не үшін қажет екенін және алған білімін қалай қолданатынын негіздеп жазуы керек.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Қазақстанда АЭС салуға кіріскен үкімет былтыр атом саласындағы мамандарды шетелде оқытуға дайын екенін хабарлаған. Осы жылы бұл бағытқа 20 грант бөлмекші.

«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 16 қазанға дейін жалғасады.