
Батыс Қазақстан облысы «Сырым» шекара бекетінде белгісіз дрондар ұшып жүр. Ұшу аппараттарының екі тәулік қатарынан ұшып жүргенін куәгерлер бейнеге түсіріп алған деп жазады Uralskweek басылымы.
«Самара облысынан ұшып келе жатыр, он дрон. Олар шекара бекетінің үстінен ұшып өтті. Оны бірінші күн көріп тұрған жоқпыз, бірақ тіпті кеденшілердің өзі хабарсыз», – дейді бейнежазба авторы.
Жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы аспанда белгісіз әуе нысандары байқалғаны туралы таралған ақпаратқа байланысты төмендегіні хабарлаймыз. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзу факілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Былтырдан бері елдің батыс өңіріне ондаған дрон құлады. Ол жағдайларға қатысты министрлік қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ қай елге тиесілі екенін әлі айта алмай отыр.