
Ислам діні бойынша мұсылман қауымы үшін жылдың ең қайырлы, сауабы еселеген және дұғалар сөзсіз қабыл болатын ерекше күндер туды. 26 мамыр – Арафа күні, ал келесі күні – 27 мамырда Құрбан айт басталады.
Шариғат шартарына сай, осы күнге дейін зүл-хиджа айының алғашқы сегіз күнінде ораза ұстап, намазды ықыласпен оқып, құран оқумен, зікірмен және ізгі амалдармен дайындалған жандар үшін ертең сол рухани марафонның ең биік шарықтау шегі.
Діндегі Арафа күнінің ұлылығы
Ислам діні бойынша Арафа күні – Алла Тағаланың құлдарына деген шексіз мейірімі төгілетін, тозақтан ең көп адам азат етілетін ерекше сәт. Бұл күні ораза ұстаудың сауабы туралы Мұхаммед Пайғамбар былай деген:
«Арафа күніндегі ораза өткен және келер жылдың күнәларына кәффарат (өтем) болады…» (Мүслим)
Дінде «небары бір күндік ораза үшін өткен бір жыл мен алдағы бір жылдың кіші күнәлары кешіріледі» делінеді.
Дұғалардың ең абзалы – Арафа күніндегі дұға
Арафа күні миллиондаған қажы Арафат жазығында тұрып, Жаратушыдан кешірім сұрап, тілек тілейді. Олармен бірге бүкіл әлем мұсылмандары да дұғаға қол жаяды. Мұхаммед Пайғамбар:
«Дұғалардың ішіндегі ең абзалы – Арафа күніндегі дұға», – деп өсиет қалдырған.
27 мамыр – Құрбан айт
Шариғат заңдарына сай, Арафа күнінің рухани тазаруынан кейін, 27 мамырда бүкіл мұсылман әлемі ең ұлық мереке Құрбан айтты қарсы алады. Бауырмалдық пен жомарттықтың, мойынсұну мен ізгіліктің белгісі болған мейрамда Айт намазы оқылып, жүректер қуанышқа толады. Жағдайы келген жандар құрбандық шалып, оның етін мұқтаждарға, туған-туыс пен көрші-көлемге таратады.
Қазір құрбан шалудың онлайн түрі де кеңінен дамып келеді.ҚМДБ бастамасымен qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн құрбан шалуға болады.