Жаңалықтар

Мектепте балалар қалай буллингке ұшырайды

 фото: shutterstock
фото: shutterstock

Қазақстанда мектептегі буллинг пен ересектердің оған тосқауыл қоя алмайтыны алғаш рет әдістемелік деңгейде зерттелді.

2026 жылдың мамыр айында жарияланған буллингке қарсы алғашқы қазақстандық әдістемелік құралда қызық жайт көрсетілген.

Ата-ана мен мұғалім екі түрлі қабылдайды

Мәселен, ата-аналар мен мұғалімдердің мәселені қабылдауында үлкен айырмашылық бар.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ата-аналардың 58%-ы мектептерде буллинг бар екенін айтса, мұғалімдер арасында бұл көрсеткіш небары 6% болған. Сарапшылардың пікірінше, мектеп ішіндегі зорлық-зомбылық көп жағдайда еленбей қалады.

Қауіп қайдан

Мектептегі буллинг біртіндеп өршиді: алдымен мазақтап күлу, кейін заттарын бүлдіру, қорлау, ар-намысына тию, кибербуллинг.

«Егер бұған дер кезінде назар аударылмаса, жағдай өте қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Кейде бала ауыр жарақат алып, көзінен айырылуы, қабырғасы сынуы мүмкін. Тіпті суицидке дейін апарады», – дейді Антибуллинг қауымдастығының жетекшісі Светлана Богатырева.

Мамандар осы төрт жылдың ішінде анықтағандай, ересектердің ең жиі жіберетін қателігі – мәселені елемеу және маңызын төмендету.

250 буллинг жағдайы құжатталды

Әдістемелік құрал төрт жыл бойы жеті өңірдегі, оның ішінде ауыл мектептеріндегі нақты кейстерді зерттеу негізінде дайындалған. Жалпы 250 буллинг жағдайы құжатталған.

2025 жылы ІІМ буллингке қатысты 438 әкімшілік істі тіркеген. Сарапшылардың пікірінше, мемлекет аталған бағыттағы тетіктерді енді қалыптастырып жатқанда, үкіметтік емес ұйымдар салдармен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл – Қазақстандағы буллинг мәселесіне арналған алғашқы әдістемелік құрал. Оның негізіне Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының мамандарымен бірге жүргізілген төрт жылдық практикалық жұмыс еніп отыр.

Айта кететін жайт, Оқу-ағарту министрлігі балаға буллинг жасалғаны туралы хабар 1 сағатта уәкілетті органдарға жіберілуге міндеттеді.