
Жылдан жылға 25 мамыр жай ғана соңғы қоңырау емес, нағыз «гүлдер сайысына» айналып бара жатқандай. Бұған әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан видеолар дәлел. Мәселен, мектеп бітіруші түлектер мұғалімге ғана емес, онымен қоса соңғы вальске шақыру үшін сыныптас қыздарына да алып гүл шоқтарын сыйлап жүр.
«Маған гүл алып келіңдер!»
Әлеуметтік желілерде «мектеппен қоштасу сәтінде қыздардың қолында гүл болуы міндетті» деген жазылмаған заң қалыптасып үлгерді. Кейбір бойжеткендер жақындарына, достарына «маған міндетті түрде гүл алып келіңдер» деп ашық талап қояды екен.



«Вальс гүлі» кімнің қалтасынан шығады?
Тағы бір қалыптасып келе жатқан үрдіс – сыныптас жігіттердің қыздарға алып гүл шоқтарын сыйлауы. Яғни, ұлдар дәл осындай жолмен қыздарды мектептегі соңғы вальс биіне шақырады.
Осы орайда желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Дегенмен көбі үрдісті қолдамайтынын айтты. Биыл ұлы мектеп бітіретін Нұргүл Баймаханбетова бұл үрдіс ата-аналардың қалтасын қағатынын айтады. Ал көп балалы ата-ана тіпті қиналып қалады.
«Мен бұлай гүл алуға да, мектеп бітіру кешін өткізуге де қарсымын. Себебі мұның барлығы артық шығын. Қазір гүлдің бағасы тіпті қымбат. Одан гөрі балалар мектеп біткеннен кейін қатты тойлағылары келіп бара жатса, табиғат аясына шығып немесе пикник ұйымдастыруларына болады», – дейді ол
Гүл дүкендері не дейді?
Мектеп оқушыларынан гүлге тапсырыс көп түсе ме? Мұны білу үшін гүл дүкендерімен байланысқа шығып көрдік. Дүкеннің менеджері әдетте 25 мамырда тапсырыс өте көп болатынын айтты. Гүл бағасы композицияларына байланысты 30 мыңнан басталып 300 мыңға дейін барады екен. Әлеуметтік желідегі дүрбелеңді дәлелдегендей қазіргі таңда үлкен гүл шоқтарына сұраныс артып кеткен.
«Жігіттер сыныптас қыздарын биге шақыру үшін өте көп тапсырыс береді. Ұлдар көбіне үлкен көлемді букеттерді, бір түсті моно букеттерді және ерекше авторлық композицияларды таңдайды. Жалпы алғанда, мұндай күндері 150-ге дейін букетке тапсырыс түседі», – дейді дүкен менеджері Назия Асхатқызы.
Бастауышпен қоштасуды лимузинде отырып тойлау
Гүл шоқтарымен сынға түсіп жатқан мектеп түлектері ғана емес. Желіде 4-сыныпты бітірген оқушыларды лимузинға отырғызып, шеру жасаған видео да үлкен шу тудырды.
«Балаларды той тойлауға емес, ой ойлауға үйрету керек. Бесіктен белі шықпаған балаларды той-даңғазаға елітудің түбі жақсылыққа апармайды», – дейді желі қолданушысы.
Көпшілік мұндай «бассыздыққа» заң жүзінде айыппұл салу керек деп есептейді.
«Осындай бассыздықты не білім басқармасы, не мектеп директоры көрмей ме? Сонша ата-ана мен сынып жетекшісінің ішінен бұған тоқтау салатын бір сау адамның табылмағаны ма?» – дейді тағы бір пікір иесі.
Әлеуметтік желіде 11-сыныпқа жетекшілік ететін мұғалімнің жары басынан өткен оқиғаны бөлісті:
«Күйеуім мектептің алдында ғана өтеді, ресторанға рұқсат жоқ деп айтып еді, ата-аналар чатының шулағанын көрсеңіздер! «Ойбай, қуықтай мектептің алдында не деп фотоға түсеміз? Ресторан жалдайық, өмірлерінде бір-ақ рет бітіреді. Сендердің не шатақтарың бар, төлейтін біз» деп шіренеді. Ал құдай сақтасын, ертең сол мектептен тыс жерде балаға бір нәрсе болса, мектепті кінәлап бірінші жетіп келеді», – деп пікір мұғалімнің жары.
Ұстазға гүл сыйлау – заңды ма?
Естеріңізге сала кетейік, елімізде мектеп қабырғасында сыйлық алу үшін ақша жинауға, қымбат сыйлықтар жасауға және ойын-сауық мекемелерінде бітіру кешін ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған.
Алайда ұстаздарға гүл сыйлау заңбұзушылыққа жатпайды. Орта білім беру комитетінің айтуынша, бұл жылдар бойы қалыптасып келе жатқан жақсы дәстүр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі аттестаттарды табыстау рәсімі мен мектеп бітіру кештері тек білім беру ұйымдарында өтуі керек екенін ескертіп, оқушылардан, ата-аналарынан қаражат және өзге де материалдық сыйлық жинауға қатаң тыйым салынатынын айтқан.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те кеш ұйымдастыруға жыл сайын тыйым салынатынын айтқан еді.