
Алматы облысында оқушылар мен студенттер жазғы демалыс уақытында уақытша жұмысқа тұрып, 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Жазғы жұмысқа тұру жолдары
Әкімдік дерегінше, әр студент немесе оқушының ай сайын шамамен 118 мың теңге жалақы алу мүмкіндігі бар.
Ол үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіріп, «Менің жазғы каникулым» бөліміне тіркеліп, түйіндеме жүктеу қажет. Соның көмегімен жастар өзіне ыңғайлы бос жұмыс орындарын таңдап, өтініш бере алады.
Ал 14–15 жастағы оқушылар үшін платформадағы жеке кабинетке ата-анасы немесе заңды өкілі тіркеледі.
Қашан басталады
Жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту бағдарламасы маусым айында басталады. Жоба аясында биыл 800-ге жуық оқушы мен студент жұмысқа қабылданады.
Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, кітапхана немесе лагерь жетекшісінің көмекшісі, SMM маманы секілді жеңіл әрі қауіпсіз жұмыстарды атқарады. Олар күніне шамамен жеті сағатқа дейін жұмыс істей алады.
Заңнамада 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жас аралығындағы жастар үшін 36 сағаттан аспауы тиіс екені жазылған.
Бағдарлама мақсаты
Еңбек кодексі кәмелетке толмағандарға ауыр және қауіпті жұмыстарда, түнгі ауысымда, сонымен бірге алкоголь мен темекі өнімдері сатылатын орындарда еңбек етуге тыйым салады. Жұмыс беруші еңбек порталында еңбек уақыты туралы мәліметті әр айдың 25-іне дейін тапсырып отыруы тиіс.
«Мақсат – жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беру. Бағдарлама еңбек мәдениетін қалыптастырып, болашақ мамандықты таңдауға да ықпал етеді», – дейді Алматы облысы Жұмыспен қамту басқармасының басшысы Асыл Ваисов.
Алматы облысы 2025 жылғы жазғы демалыс кезінде 500-ге жуық оқушы мен студентті уақытша жұмыспен қамтыған.