Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» ҚТЖ IPO-сы кейінге қалмайтынын мәлімдеді

фото: «Самұрық-Қазына»

«Самұрық-Қазына» акцонерлік қоғамы ҚТЖ компаниясының IPO-сы кейінге қалды деген ақпаратты жоққа шығарды. Қордың мәлімдеуінше, IPO осы жылы өтеді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы №894 «Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, ҚТЖ-ның IPO-сын 2026 жылы өткізу көзделген. Бұл Қор мен ҚТЖ-ның мақсаттарының бірі болып қала береді», – деп жазылған компания хабарламасында.

Компания қор мен ҚТЖ-мен бірлесіп халықаралық IPO өткізуге белсенді дайындалып жатыр деп мәлімдейді. Бірақ нақты мерзімі хабарланбаған. IPO Лондон және Гонконг қор биржаларында, сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті биржада үш реттік листинг жүзеге асырылады деп жоспарланған. Ал IPO аясында тартылған қаражат ҚТЖ-ның өз қажеттіліктеріне жұмсау үшін оның иелігінде қалады.

«IPO аясында тартылатын қаражатты борыштық міндеттемелердің бір бөлігін өтеуге және теміржол инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға, жылжымалы құрам паркін жаңартуға, сондай-ақ жалпы алғанда елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруға жұмсау жоспарланған», – дейді компания баспасөз қызметі.

Бұған дейін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «нарық уақыты келмей тұрғанын» айтып, келесі жылға қалғанын мәлімдеген еді.