Жаңалықтар

Үш айға созылған соғыс: АҚШ пен Иран бейбіт келісімге келе ме

АҚШ және Иран / фото: бизнес Online

28 ақпанда басталған соғысқа осы аптаның бейсенбісінде тура үш ай толады. Дәл осындай маңызды сәтте АҚШ Иранмен не жақсы келісімге келеді, не болмаса мәселені «басқа жолмен» шешеді деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Рубио АҚШ дипломатияға толық мүмкіндік беретінін айтса, президент Дональд Трамп Иранмен келісім жасауға асықпауды тапсырды. Трамп АҚШ-тың Ормұз бұғазындағы Иран кемелерін бұғаттауы келісімге қол қойылғанға дейін күшінде қалатынын ескертті. Иран үкіметі ресми жауап бермегенімен, АҚШ-ты бұғатталған қаржыны қайтаруға кедергі жасап отыр деп айыптайды. Иран парламентінің өкілі Ибрагим Резаи Иран қысымға берілмейтінін, ал АҚШ келісімге келгісі келмесе, бензин бағасы 6 доллар болуына дайын болуы керектігін жеткізді.

Экономикалық әсері: мұнай мен бұғаз

Reuters мәліметінше, АҚШ пен Иран бейбіт келісімге жақындады деген үмітпен мұнай бағасы 6 пайызға арзандаған. Трамп тараптар әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормұз бұғазын қайта ашуға мүмкіндік беретін меморандумға негізінен келісті деп мәлімдеп, үмітті одан сайын арттырды.

Даулы мәселелер

Тараптар Иранның ядролық бағдарламасы, Ливандағы соғыс және бұғатталған мұнай табысын қайтару мәселелері бойынша әлі де ортақ мәмілеге келген жоқ. АҚШ өкілінің сөзіне қарағанда, Иран теңіз блокадасын алып тастауға және байытылған уранды жоюға айырбас ретінде Ормұз бұғазын ашуға келіскен және оны жоғарғы басшы Моджтаба Хаменеи мақұлдаған. Ұсынылған жоспар түпкілікті келісімге келу үшін 60 күн уақыт береді, ал Иран уранды БҰҰ бақылауымен бейбіт мақсатта сұйылту жолдарын қарастырып жатыр.

Трамптың ұстанымы мен соғыс салдары

Жанармай бағасының өсуінен рейтингі төмендеген Дональд Трамп қақтығысты тоқтату мүмкіндігін жиі айтып жүр әрі өзін сынаушыларға Иранмен тек ең дұрыс келісім жасалатынын ескертті. Уақытша бітім нарыққа жеңілдік әкелгенімен, энергетикалық дағдарысты бірден шеше алмайды. Қақтығыс барысында АҚШ пен Израильдің бомбалауынан Иранда мыңдаған адам қаза тапса, Израильдің Ливандағы әрекеттерінен жүз мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Айта кетейік, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Америка мен Иран арасындағы келіссөздерде «белгілі бір ілгерілеу барын» мәлімдеген болатын.