Жаңалықтар

АҚШ билігі грин-картаға өтініш беру ережесін қатаңдатты

Фото: visaglobal.com

Америка Құрама Штаттары грин-карта беру ережелерін қатаңдатты. Енді шетел азаматтары елде жұмыс істеуге және тұруға құқық беретін бұл құжатқа өтінішті тек АҚШ-тан тыс жерде ғана бере алады. Бұл туралы United States Citizenship and Immigration Services хабарлады.

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, АҚШ-та уақытша жүрген шетел азаматтары грин-картаға өтініш беру үшін өз еліне қайтуы керек. Тек төтенше жағдайларда ғана өтінішті АҚШ аумағында тапсыруға рұқсат беріледі.

«Шетел азаматтары өтінішті өз елінде тапсырса, грин-картадан бас тартылғаннан кейін, АҚШ-та заңсыз қалып қоятын адамдар саны азаяды», – деді United States Citizenship and Immigration Services ведомствосының баспасөз хатшысы Зак Калер.

Оның айтуынша, АҚШ-қа қысқа мерзімге келетін студенттер, уақытша жұмысшылар немесе туристер сапарды грин-карта алу процесінің алғашқы қадамы ретінде қарастырмауы керек.

Ал АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметінің (USCIS) бұрынғы қызметкері Дуг Рэнд NBC News арнасына берген сұхбатында жыл сайын шамамен бір миллион адам грин-карта алуға өтініш беретінін айтты. Олардың жартысы құжатты АҚШ аумағында жүріп тапсыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, АҚШ үкіметі соңғы 21 күнде Конго Демократиялық Республикасы, Уганда немесе Оңтүстік Суданда болған грин-карта иелерінің елге кіруіне уақытша тыйым салынғанын жариялады. Шара ел аумағына Эбола безгегінің таралуын болдырмау мақсатында енгізіліп отыр