Жаңалықтар

Қазақстанда 400-ден астам мектепте директор жоқ

Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектеп директорлары тапшылығына қатысты статистикалық мәліметтерді жариялады. Ол деректерді депутаттық сауалға берген жауабында келтірген.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда бос тұрған мектеп директорларының орындары біртіндеп азайып келеді. Мәселен, 2025 жылы көрсеткіш 830 болса, 2024 жылы 935 болған.

«Қазіргі таңда мемлекеттік мектептерде директорлардың 438 бос жұмыс орны бар», – делінген жауапта.

Директор жетіспеушілігі, әсіресе, ауыл мектептерінде өзекті болып отыр, 385 орын бос. Ал қала мектептерінде 53 қызмет орны бос тұр.

Аида Балаеваның айтуынша, мектеп директорларын тағайындау және іріктеу мәселелері өңірлердегі көшпелі кеңестерде қаралған.

«Оқу-ағарту министрлігіне шағын жинақты мектеп директорларына қойылатын біліктілік талаптары мен ротация мерзімдерін қайта қарау тапсырылды», – деді министр.

Айта кетейік, Қазақстан мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталды. Жазғы демалыс 26 мамырда басталып, 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы каникулдың ұзақтығы – 98 күн.