Авто

Қырғызстанда жүргізуші куәлігінің жаңа түрі пайда болады

Фото: today.kg бильд-редактор: Серікжан Кобланбаев

Қырғызстанда уақытша ұлттық жүргізуші куәліктері енгізіледі. Тиісті қаулыға ел үкіметі қол қойды. Бұл туралы АКИpress агенттігі хабарлады.

Жаңа ережелер жүргізушілерді даярлау жүйесін және жүргізуші куәлігін беру тәртібін жетілдіру мақсатында қабылданған. Енді емтихан тапсыру рәсімінде ресми түрде жаңа құжат түрі – уақытша жүргізуші куәлігі қолданылады.

Сонымен қатар куәліктердің жіктемесі жаңартылды. Олар: ұлттық, уақытша ұлттық және халықаралық жүргізуші куәлігі болып бөлінеді.

Уақытша куәлікті кемінде төрт ай оқып, емтихандарды сәтті тапсырған үміткерлер ала алады. Емтихан тапсыру үшін оқу курсынан өткені туралы анықтама қажет болады. Оны қағаз түрінде де, мемлекеттік қызметтер порталы арқылы электронды форматта да ұсынуға болады.

Жаңа ережеге сәйкес уақытша жүргізуші куәлігі:

– мемлекеттік электронды қызметтер порталы арқылы рәсімделеді;
– тек Қырғызстан аумағында жарамды болады;
– тиісті санаттағы көлікті басқаруға құқық береді;
– алты ай мерзімге беріледі және оны ұзартуға болмайды.

Уақытша куәлік тұрақты жүргізуші куәлігі алынғаннан кейін, мерзімі аяқталғанда немесе көлік басқару құқығынан айырылған жағдайда жарамсыз деп танылады.

Ал тұрақты ұлттық жүргізуші куәлігі уақытша куәлік мерзімі ішінде жол ережесін үш реттен көп бұзбаған жағдайда ғана беріледі. Егер жүргізуші үш немесе одан көп құқықбұзушылық жасаса, уақытша куәлігі мен оқу курсынан өткені туралы анықтамасы күшін жояды. Мұндай жағдайда оқу курсын қайтадан өтуге тура келеді.

Айта кетейік Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 12 мамырдағы жаңа бұйрығына сәйкес, көлікті сатып алудан бастап, куәлік алғанға дейінгі бүкіл процесті толықтай «цифрлық форматқа» көшеді.