Жаңалықтар

80 жастағы астаналық марафоншы Кейптаун марафонын бағындырды

фото: Астана әкімдігі

Ердің жасы сексенде де сергектігі мен темірдей төзімін жоғалтпаған астаналық ардагер спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Түйтебаев Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен беделді халықаралық марафоннан елге оралды. Бүгін Астана халықаралық әуежайында қарт марафоншыны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Жарақатқа қарамастан жеткен мәре

Салтанат Түйтебаев ОАР-да өткен жарыста нағыз спорттық қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Ол 11-шақырымда-ақ аяғынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, жарысты тоқтатпай, 42,2 шақырымдық толық қашықтықты 7 сағат 31 минутта бағындырып шықты.

«11-шақырымда аяғымнан жарақат алдым. Дәрігерлер жарысты тоқтатуға кеңес берді. Маған екі рет медициналық көмек көрсетілді. Соған қарамастан, жарысты аяқтауға бел будым. Қиындыққа қарамай, мәреге дейін жеттім», – деді спортшы

Ардагердің айтуынша, егер бұл жарақат болмағанда, жүлделі орыннан көрінуге мүмкіндігі толық болған. Әуежайда чемпионды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, туған-туыстары мен жанкүйерлері құрметпен күтіп алды.

«Сіз үшін қатты алаңдадық. Аман-есен елге оралғаныңызға қуаныштымыз. Сізді қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе», – деді Олимпиада жүлдегері Василий Левит.

Салтанат Түйтебаевтың әлемдік аренадағы жетістіктері

Қарт марафоншы бұған дейін де халықаралық деңгейде бірнеше рет топ жарған аңыз адам: 2021 жыл: Австралияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жаңа Зеландияда өткен ардагерлер Олимпиадасының чемпионы. Нью-Йорк марафонында 80–89 жас санатында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта бағындырған.

Алдағы мақсат – Жапония Олимпиадасы

80 жастағы желаяқ спорттық формасын сақтау үшін күн сайын таңертең жүгіруді әдетке айналдырған. Оның басты мақсаты немерелері мен шөберелеріне салауатты өмір салтының үлгісін көрсету.

Салтанат Түйтебаев:

«2027 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер Олимпиадасында есемді қайтарамын», – деп, алдағы үлкен додаға дайындықты бастап кететінін жеткізді.