
Алматыда мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін 56 компанияға жалған жұмыс тәжірибесін жасап берген қылмыстық топ сотқа тартылды.
ҚМА жүргізген тергеу мәліметінше, 11 адамнан тұратын топ «Электрондық депозитарий» жүйесіне жалған актілер енгізу арқылы 490 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан.
Заңсыз схема қалай жүзеге асқан?
Тергеу амалдарына сай, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы кеңес беру қызметін жамылып коммерциялық ұйымдар үшін құрылыс жұмыстары тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру схемасын ұйымдастырған.
«Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған.
Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы белсенді түрде жарнамаланған.
«11 күдікті, 56 компания, 490 млн теңге заңсыз табыс»
Қылмыстық топ құрамына 11 адам кірген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталды.
Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, олар арқылы ақша қаражаты жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асты.
Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды.
Үш күдікті қамауға алынды, тағы сегіз тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүк және жеңіл автокөліктерді заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған едік.