
Норвегияның Осло қаласында басталған беделді «Norway Chess Women-2026» халықаралық турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева сәтті өнер көрсетіп жатыр. Алғашқы турдың қорытындысы бойынша отандасымыз турнирлік кестенің ең жоғарғы сатысына жайғасты.
Старттағы маңызды жеңіс
Турнирдің шымылдығын ашқан алғашқы партияда Бибісара Асаубаева қара фигуралармен ойнап, Үндістанның атақты әрі титулды шахматшыларының бірі – Хампи Конерумен кездесті. Тартысты өткен бәсекеде қазақстандық спортшы сенімділік танытып, қарсыласынан басым түсті. Осы жеңістің арқасында Бибісара қоржынға жоғары 3 ұпайды еншіледі.
Бірінші күннен кейінгі турнирлік кесте:
Алғашқы ойын күнінен кейін шахматшылардың ұпай саны келесідей қалыптасты:
| Орыны | Шахматшы | Елі | Ұпайы |
| 1 | Бибісара Асаубаева | Қазақстан | 3 |
| 2 | Дивья Дешмукх | Үндістан | 1,5 |
| 3 | Чжу Цзиньэр | Қытай | 1,5 |
| 4 | Цзюй Вэньцзюнь | Қытай | 1 |
| 5 | Анна Музычук | Украина | 1 |
| 6 | Хампи Конеру | Үндістан | 0 |
Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) әйелдер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингінде Бибісара Асаубаева 7-ші орында тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Асаубаева Синдаровқа қолдау көрсету үшін Бухарестке барған еді. Қазақ қызы мен өзбек жігітін шахматтан бөлек тағы не байланыстыратынын білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.