Жаңалықтар

Биыл 193 мың маман жоғары оқу орындарын аяқтайды

Биыл 200 мыңға жуық маман университетті бітіргелі тұр
Биыл 200 мыңға жуық маман университетті бітіргелі тұр/ фото: kursiv.media

Биыл университет бітіруші түлектердің саны рекордтық көрсеткіш көрсетіп отыр. Елде 193 мың маман диплом алғалы тұр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 52-сі жекеменшік, 30-ы мемлекеттік, 15-і азаматтық емес, 12-сі ұлттық, 11-і акционерлік мәртебеге ие, сондай-ақ 1 халықаралық университет пен 1 дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) бар.

Бұл оқу орындарындағы студенттердің жалпы саны 724 мыңнан асады. Оның ішінде бакалавриатта – 658 мың, магистратурада шамамен 40 мың, докторантурада – 9 мыңға жуық, ал интернатура мен резидентурада 16 мыңнан астам адам білім алып жатыр. Сондай-ақ елімізде оқитын шетелдік студенттердің саны 35 мыңнан асқан.

Түлектердің қорытынды аттестаттауы 20 маусымға дейін өтеді, ал диплом тапсыру рәсімін 10 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған.

Шетелдік ЖОО-лар

Саясат Нұрбек отандық жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру үдерісі белсенді жалғасып жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Германия және өзге де жетекші елдердің 32 шетелдік университеті (филиалдар, стратегиялық әріптестіктер және Лу Бань шеберханалары) жұмыс істеп тұр. Бұл жобаларда шамамен 12 мың студент білім алса, оның 700-ге жуығы шетелдік азаматтар.

Айта кетейік, бұған дейін министр алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінгенін айтқан еді.