
Блогер Сәуле Базархан мерт болған Алматыдағы Smart Beauty Clinic орталығында ота жасату кезінде бұрын да кісі өлімі тіркелген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов желіде тараған ақпаратты растады.
«Бұл ақпарат расталады. Клиника бұрын да осы мекенжайда жұмыс істеген, бірақ атауы басқа болған. 2020 жылы онда липосакциядан кейін өлім фактісі тіркелген», – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Оның айтуынша, сол жағдайдан кейін тексеріс басталған. Тексерістен соң санитарлық рұқсаттан айырылған. Кейін басқа заңды тұлғаның атын тіркеп, атауын өзгерткен.
Бастапқыда лицензияны Алматы әкімдігі берген. 2021 жылдан бастап лицензиялау функциясы Денсаулық сақтау министрлігі Медфармбақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне берілген.
Дегенмен комитет төрағасы мұндай әрекет заңға қайшы емес екенін айтады. Айтуынша, егер медициналық ұйым барлық талаптарға сай болса, лицензия алып, медициналық көмек көрсете алады.
Денсаулық сақтау министрлігі Сәуле Базарханның өлімінен кейін клиникада тексеріс басталатынын хабарлаған.
Еске сала кетейік, 15 мамыр күні Алматыдағы Smart Beauty Clinic орталығында 53 жастағы блогер Сәуле Ермаханова липосакция отасы кезінде кенеттен көз жұмған еді.
Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.