Lifestyle

Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымы бойынша жиын өткізді

фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын дайындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа іргелі еңбектің әзірлену барысы жан-жақты қаралды.

Маңызды шараға зиялы қауым өкілдері мен жауапты тұлғалар қатысты: Редакциялық алқа төрағасының орынбасары, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, «Ұлттық аударма бюросы» қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Жайық Тоқтаров.

Алты том баспаға дайын

Жиын барысында Мемлекеттік кеңесшіге академиялық басылымның алғашқы 6 томын баспаға дайындау бойынша атқарылып жатқан ағымдағы жұмыстар баяндалды. Бұл томдардың қолжазбалары бұған дейін редакциялық алқаның 9 бірдей отырысында егжей-тегжейлі қаралып, ресми түрде бекітілген.

Жаңа басылым отандық тарих ғылымын жаңа деңгейге көтеріп, ел тарихын заманауи ғылыми көзқарас тұрғысынан жүйелеуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік кезеңіне арналған 7-том маусымда талқыланады

Сонымен қатар кеңеске қатысушылар маусым айының басына жоспарланған редакциялық алқаның кезекті отырысына дайындық мәселелерін талқылады.

Маусымдағы жиында академиялық басылымның қорытынды, яғни Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған 7-томы қаралатын болады.