
Миллионер Шыңғыс Құлжановтың «JelSu Energy» компаниясы Ертіс өзені жағалауында үш су электр станциясын тұрғызады. Олардың бәрі Абай облысы аумағында орналасады.
Құжатқа қол қойды
26 мамырда Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «JelSu Energy» компаниясының директоры Әділет Кенжебеков өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Инвесторлармен кездесуге компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов та қатысты.
Қабылданған меморандум аясында, әкімдік мәліметінше, Абай облысы аумағындағы Ертіс өзенінде жалпы қуаттылығы 900 мегаватт болатын Белокаменская, Ақжар, Известковская су электр станциялары салынады.
Мәліметте жоба кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылған. Әуелі техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Құжат инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру көзделген.

Туған өңірін дамытқысы келеді
Инвестор Құлжанов өңірге ақша құю туралы шешімді 2025 жылы қабылдағанын айтты.
«Абай облысы инвестиция тарту жағынан елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Сондықтан біз былтыр облысқа қаражат, инвестиция салуға шешім қабылдадық«, – дейді Құлжанов. Кәсіпкердің әкесі Медғат Құлжанов Семей өңірінде туған.
Ол өңірдің гидроэнергетика саласын дамытуға үлес қосуға әзір. Кәсіпкер осы сала дамыса, ауыл шаруашылығы, оның ішінде балық шаруашылығы, туризм, білім салалары да өркендейді деп есептейді.
«Өңірге гидротехник мамандар келеді. Осы бағытта сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әзірміз», – деді инвестр Құлжанов.
Әкім не дейді
Берік Уәлидің айтуынша, облыс әкімдігі мен «JelSu Energy» арасындағы келіссөздер 2026 жылғы қаңтарда басталған.
«Бүгінгі кездесу аясында, биылғы қаңтарда басталған өзара диалогтың жалғасы ретінде, гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру болашағын талқылап, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып отырмыз. Жобалардың өңір үшін маңызы жоғары. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – дейді облыс әкімі.
Қанша қаражат қажет?
Әзірге Ертіс бойында үш станция салуға нақты қанша қаражат кететіні айтылмады. Инвестиция көлемі туралы да мәлімет жоқ.
Салыстырар болсақ, қазір «Самұрық-Энерго» мен «Nebras Power» (Катар) облыста Семей ГЭС-ін салуды талқылап жатыр. Қуаты 300 МВт болатын нысанға шамамен 420 млн доллар жұмсалатыны айтылған. Ал 900 МВт электр қуатын беретін үш станция құрылысына одан шамамен үш есе көп қаражат жұмсалуы мүмкін.
Инвестор кім?
Шыңғыс Құлжанов – тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы ірі кәсіпкерлердің бірі Медғат Құлжановтың ұлы. Медғат 1970-1980 жылдары КСРО-ның ең ірі құрылыс нысандарында бас инженер, бастық болған. Ол 90-жылдары «Қуат» холдингін құрып, ірі тұрғын үйлер мен нысандар салған.
Ал оның ұлы Шыңғыс осыдан он жыл бұрын – 2016 жылы Forbes Kazakhstan тізіміне кірді. Сол кезде басылым оның дәулетін 159 млн долларға бағалап, Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкері тізімінде 33-орынға қойған. Дәулеттілердің 2026 жылғы тізімінде Құлжанов есімі кездеспейді.