
Түркістан тұрғыны Мұхаммад Өмірбек KursivMedia редакциясына хабарласып, психиатриялық орталыққа заңсыз қамалдым деп шағынды.
Ер адамның айтуынша, 37 күн орталықта жатқан соң арнайы есепке алынған. Мекеме Мұхаммадқа «сандырақ» диагнозын қойған. Алайда ер адам бұған келіспей, ақылы сараптама жасатқан. Ол жақта мамандар Мұхаммадтың «ақыл-есі дұрыс» деген қорытынды шығарған.
5 жыл фельдшер болған
Мұхаммад Өмірбек 30 жаста, 5 жыл фельдшер болып жұмыс істеген. Қазір жұмыссыз. Түркістан қаласында тұрады.
Айтуынша, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қызмет бабы барысында қаза тауып, қоғамда резонанс туған 2025 жылдың қарашасында WhatsApp мессенджерінде «103 Қазақстан» деген чат ашқан. Оған республика бойынша мыңнан аса фельдшер қосылған.
Ер адам чатты фельдшерлердің еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін аштым дейді. Зейнет жасын төмендету, пәтерақы төлеу, жалақы, үстемақы, сыйақыны тұрақты түрде беру мәселесін көтеріп, жауапты мемлекеттік органдарға eGov арқылы сұрау жолдағанын айтты. Ұзамай полициядан хабарласқан.
«Түркістан полициясы 4 рет, қала әкімдігінен бір рет келіп, «чатты жап» деп түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ішінде әріптестерді азғырмайтынымды, митингке шақырмайтынымды айттым. Саясат пен үкімет жайында ақпарат жарияланбайтынын түсіндірдім», – дейді ер адам.
Полиция талабына келіспеген соң, құқық қорғаушылар Мұхаммад Өмірбекті 2025 жылдың 5 желтоқсанында қаладағы полиция басқармасына алып барған. Ол жерде Мұхаммадтың денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырған.
«Жедел уәкіл кабинетінде 3 сағат тергеді. «Сен халықты көтеріп, Үкіметке қарсы шығып жатырсың. Халыққа үгіт-насихат жүргіздің» деді. Мұндай заңсыз әрекет жасамағанымды айттым. Уәжін растайтын филологиялық сараптама қорытындысын сұрадым. Алайда полиция тек сөзбен шектелді», – дейді Мұхаммад.
Содан кейін ер адамды Түркістандағы медициналық мекемеге емес, Шымкенттегі психиатриялық орталыққа алып барған. Ол қайда алып бара жатқандарынан алдын ала хабардар болмаған, тек Шымкентке жақындаған кезде білген.
37 күнге қамаған
Орталыққа жеткізілген соң мекеме мамандары Мұхаммадпен әңгімелесіп, 48 сағат бақылайтынын айтқан.
«Бақылау мерзімі өткеннен кейін мекеме басшылығы «өз еркіңмен 15 күн емделуге жатасың, психикалық диспансерге есепке алмай шығарамыз» не «емделуден бас тартамын» деген қолхат жазып бересің, бірақ сот шешімімен мәжбүрлеп жатқызамыз» деді. Екінші жағдайда психикалық диспансерге есепке алатындарын айтты. Осы қысымнан өз еркіммен «емделуге келісемін» деп жазып бердім. Солай жазуға мәжбүр болдым. Маған «сандырақ» деген диагноз қойды. Олар мені 10-15 күннің орнында 37 күн ұстады. Осы аралықта ешкіммен кездестірмеді, сөйлестірмеді», – дейді Өмірбек.
Орталыққа жатқызуға ер адамның анасы жазған арыз себеп болған. Алайда Мұхаммад анасымен бірнеше жылдан бері араласпайтынын, хат-хабар алыспайтынын айтады.

Содан кейін ер адам денсаулығына қатысты тәуелсіз сот-психиатриялық сараптама жасатқан. Мамандар Мұхаммад Өмірбектің «психикалық ауытқуы жоқ» деген қорытынды берген.

Қандай талап қойып отыр
Мұхаммад Өмірбек өзін психиатриялық диспансерлік есептен алып тастауды сұрап отыр.
«Психиатриялық ұйым қызметкерлерінің, мені ол жерге алдап алып барған полиция қызметкерлерінің, жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруін талап етемін», – дейді Өмірбек.
Айта кетейік, Атырауда бүтін бір отбасыны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық мекемеде жатыр.