
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 255,1 млн долларды құрап, 7,9%-ға өсті. Қазақстанның Таиландқа экспорты 6,3 есеге артып, 38,6 млн долларға жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында тауар айналымы 77,9 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69,2%-ға артты.
Экспорт көлемі артты
Қазақстанның Таиландқа экспорты 22,1 есеге өсіп, 27,8 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге елеулі әлеует бар екенін көрсетеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 25 мамырда Таиланд Корольдігінің Бангкок қаласында Қазақстан-Таиланд бизнес-форумы аясында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық миссиясы өтті.
101 млн долларды құрайтын құжаттарға қол қойылды
Іс-шара қорытындысы бойынша бизнес өкілдері арасында жалпы сомасы 101 млн долларды құрайтын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар экспорттық жеткізілімдерді дамытуға, іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел компаниялары арасындағы практикалық өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан тарапы отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін таныстырды. Делегация құрамында азық-түлік және агроөңдеу саласындағы компаниялар, оның ішінде ұн, макарон өнімдері, бакалея, ет, сүт, кондитерлік және функционалдық өнімдер өндірушілері, сондай-ақ сусындар, жеңіл өнеркәсіп, дизайнерлік киім, парфюмерия мен косметика, IT және цифрлық шешімдер, цифрлық инфрақұрылым, мұнай-химия және тұрмыстық химия салаларындағы кәсіпорындар болды.
Бұған дейін 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 32,9 млрд долларға жеткенін жазған едік.