
Девелопер, құрылыс саласындағы сарапшы Диляра Сейтұнорова әр маусым сайын Алматыдағы құрылыс картасына талдау жасап отырады. Ол қай жерде қада (сваи) қағылып, қай жерде сатылымдар ашылғанын және қай жерде әлі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ) келісіліп жатқанын тұрақты бақылайды. Сарапшының сөзінше, 2026 жылдың жазына арналған жағдай қазірдің өзінде толық түсінікті. Ол аудандар бойынша өзінің байқағандарымен бөлісті.
Орталық: Алмалы, Бостандық, Медеу аудандары
Орталықта жер тапшы. Сарапшының айтуынша, осы жаздағы жаңа жобалар – не бұзылған жеке сектордың орнына салынатын нүктелік құрылыстар, не бұрынғы өндірістік аймақтарды қайта жаңғырту (реконструкциялау).
- Алмалы ауданында негізгі ағым – бизнес және премиум сегменті. Көлемі шағын: бір, сирек жағдайда екі корпус. Сейтұнорова қабат санының аздығы және дайын инженерлік желілердің арқасында тапсыру мерзімдері қысқа болатынын атап өтті.
- Бостандық ауданы Сейфуллин бойындағы және ҚазҰУ маңындағы жер телімдерінің есебінен алда тұр. Сегменті – «комфорт плюс». Сұраныс жыл бойы бірқалыпты. Сарапшы бұл жақтағы баға Медеу ауданынан төмен, ал инфракұрылымы шеткі аудандардан әлдеқайда жақсы екеніне назар аудартады.
- Медеу ауданы – әрдайым премиум. Аз қабатты үйлер, клубтық үйлер, құрылыс тығыздығы төмен. Осы жазда саусақпен санарлық қана нысандар іске қосылуда. Бірақ олардың әрқайсысы, сарапшының бағалауынша, Алатау ауданындағы бірнеше пәтердің құнымен тең.
Солтүстік және батыс: Алатау және Наурызбай аудандары
Сарапшының мәліметінше, негізгі өсу нүктелері осы жерде шоғырланған. Жер көп, шаршы метрдің бағасы орталыққа қарағанда төмен.
- Алатау ауданы – базалық сегмент. Үлкен кезеңдер, бір жобада мыңдаған пәтер, тапсыру циклі 2 жыл немесе одан да көп. Бұл жерге ірі ойыншылар да, шағын компаниялар да кіріп жатыр. Бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, сатып алушылар ұзақ уақыт салыстырады.
- Наурызбай ауданы сәл бәсеңдеу қарқынмен өсіп келеді. Диляраның айтуынша, бұл жерді отбасылы сатып алушылар мен экологияны, сондай-ақ үйдің аз қабатты болғанын қалайтындар таңдайды. Жаңадан іске қосылып жатқан нысандар аз, бірақ барлығы дерлік іргетас (котлован) кезеңінде-ақ сатылып кетеді.
Қай жерде сұраныс шамадан тыс, қай жерде тапшылық бар?
Нарықтың қызып кетуін (ұсыныстың шамадан тыс көптігін) сарапшы Алатау ауданынан байқап отыр. Бір баға дәлізінде тым көп ұқсас жобалар шоғырланған. Сатылымға шығу мерзімі ұзарып жатыр. Құрылыс салушылар тарапынан жасалатын жеңілдіктер үй тапсырылмай тұрып-ақ қалыпты жағдайға айналуда.
Сарапшы тапшылықтың үш бағытта көрініс тауып отырғанын атап өтті:
- Медеудегі аз қабатты үйлер.
- Бостандықтағы комфорт-класс.
- Жалпы жаңа үйлердегі 3 және 4 бөлмелі пәтерлер (отбасылық форматтар қала бойынша ең аз салынуда).
Бұдан қандай қорытынды шығады? Сарапшы мынадай кеңес береді: егер бюджетіңіз орташа болса, Алатау ауданында ондаған ұқсас тұрғын үй кешенінің (ТҮК) арасынан таңдайсыз. Сондықтан асығудың қажеті жоқ. Ал егер бюджетіңіз орташадан жоғары болса, орталықтағы әрбір келесі жоба алдыңғысынан қымбат болатынын ескерген жөн.
Нарықтағы жаңа ойыншылар
Сарапшы осы маусымда Алматыға бұрын-соңды бұл жерде болмаған бірнеше құрылыс салушы кіріп жатқанына назар аудартады. Біразы – Астанадан, қалғандары — көрші елдерден. Диляраның пікірінше, ашық нарық үшін бұл қалыпты жағдай. 1 шілдеден бастап реттеу талаптары қатаяды, сондықтан жаңа ережелер бойынша жұмыс істеуге дайын құрылыс салушылар саны артуы тиіс.
Дегенмен, ол жаңа ойыншының алғашқы нысанына қаржы салу – әрқашан тәуекел екенін ескертеді. Сарапшы сатылым басталғаннан кейін жарты жыл күтіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанын бақылауға кеңес береді. Оның айтуынша, қазіргі нарық мұндай үзіліс жасауға толық мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жазда тұрғын үй нарығында қандай өзгерістер болатынын жазған болатынбыз.