
Қазақстанға атом реакторларын меңгерген мамандар аса қажет. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Kursiv.Media тілшісінің атом саласына бөлінген квота туралы сауалына осылай деп жауап берді.
2026 жылы «Болашақ» бағдарламасына атом энергетикасы саласындағы сирек мамандықтар бойынша квота енгізілді. Министр Саясат Нұрбек республикаға нақты қандай маман қажет екенін түсіндірді.
«Бізге болашақта атом реакторларын меңгеретін адамдарды даярлауымыз қажет. Ядролық инженерия (Nuclear engineering) саласының маманы, атом станцияларының жұмысын жүргізетін инженерлер, оның қауіпсіздігін қадағалайтын мамандар керек», – дейді министр.
Оның айтуынша, болашақ мамандар атом энергетика саласының ең соңғы стандарттарын меңгеріп шығуға тиіс.
«Қазақстанда әлі даярланбайтын мамандарды «Болашақ» бағдарламасымен оқытамыз. Жиырма орныннан бастадық. Оны ұлғайту комиссияның қолында тұр«, – дейді Саясат Нұрбек.
Қазақстан билігі ел аумағында кем дегенде үш Атом электр станциясын (АЭС) салуды көздеп отыр. Шенеуніктер төртінші АЭС туралы айта бастады. Алғашқы екеуін Ресей мен Қытай салатыны мәлім. Оларға маман даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасының ережелері өзгеріп, атом саласына басымдық берілді.