
ҚМГ-Аэро Шымкент-Баку арасында қатынайтын AZAL жаңа рейстерінің ұшақтарына жанармай құятын болады.
«ҚазМұнайГаз» ақпаратына қарағанда, ҚМГ-Аэро ұшақтарға жанармай құюды қамтамасыз етеді. ҚазМұнайГаз-Аэро және AZAL Шымкент қаласының халықаралық әуежайында ұшақ «қанатына» жанармай құю бойынша қызмет көрсету туралы шартқа қол қойды.
AZAL 2026 жылғы 16 маусымнан бастап Шымкент-Баку бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін іске қосады. Рейс аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі орындалады.
«Бұл – елдегі көлік-логистиканың әлеуетін дамытуға, отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанға шетел авиакомпанияларын тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», – делінген хабарламада.
Әуе билеттерін azal.az ресми сайтынан, мобильді қосымша арқылы, Azerbaijan Airlines әуе компаниясы кассаларынан сатып алуға болады.