
Осыдан бұрын жарық көрген мақалада сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының парламент мінберінен сөз сөйлегенде жиі қолданатын мақал-мәтелдері мен қанатты сөздеріне бөлек тоқталып өткенбіз.
Сонда жиілігі жағынан «Судың да сұрауы бар» деген нақылдың бірінші орында екенін көрсетіп едік. Сенат депутаттары да осы мәтелге көбірек жүгінеді екен.
Осы жолы 2023 жылғы наурыз бен биылғы жылғы сәуір айы аралығында өткен Сенат отырыстарының стенограммалық есептерін (барлығы – 123 стенограмма) жинақтап, шолып шықтық. Нақылдардың айтылу жиілігі Мәжілістегідей емес, талдауға түскен мәтіндерде бізді қызықтырған мысалдар көп болса екі рет, одан қалды бір-ақ рет ұшырасады. Қорытынды тізімге соларды қостық.
Айтулы нақылдар тізімі төмендегідей:
«Судың да сұрауы бар». Контекст: су ресурстарын үнемдеп пайдалану, ауызсу тапшылығы.
«Бүгінгі таңда ауызсу әлемдік мәселеге айналып отырғаны баршамызға аян. Халқымыз «су тіршіліктің көзі», «судың да сұрауы бар» деп ішетін суына ізет көрсеткен. Қара судың қадірі кімге болса да маңызды. … «Казгидромет» мамандары елдегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасын тексеру барысында 107 су нысанының 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылған, оның ішінде 33-інде ластану деңгейі өте жоғары деген баға берілген…» (А.Толамисов. 2023 жылғы 18 мамыр)
«Жетім көрсең, жебей жүр». Контекст: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету, бала асырап алу процесіндегі бюрократиялық кедергілер.
«…Бала асырап алу үрдісі баяу жүруде. Мәселен, 5 мыңнан астам азамат елімізде бала асырап алу кезегінде тұрғанымен 2023 жылы 194 бала, 2024 жылы 153 бала ғана өз отбасын тапқан екен. Бұл көрсеткіштер бала асырап алу жүйесіндегі әкімшілік кедергілердің бар екенін және процестің ұзаққа созылатынын аңғартады. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген екен дана халқымыз. Алайда қазіргі таңда жетім балаларды қамқорлығына алғысы келетін азаматтар бюрократиялық кедергілерге тап болып, бала асырап алу процесі бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кететінін алға тартуда». (Г.Шиповских. 2025 жылғы 20 ақпан)
«Ауруын жасырған өледі». Контекст: жұқпалы аурулардың жаппай тарағанын дер кезінде жария етпеу, мүдделер қақтығысы, жасөспірімдер арасындағы жүктілік.
«…Былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайлары 10,2 пайызға төмендеген деген дерек бар. Ал бірақ уәкілетті органның жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстауымыз керек қой. …Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау да көбейді. Бұл жағдай ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Жүректерінде сыз қалады. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой халқымыз. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?» (Н.Жүсіп. 2025 жылғы 30 қаңтар)
«Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер» Контекст: егіншілікпен айналысатын аймақтарда су бағасының қымбаттауы.
«…Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының Шілік және Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округтеріндегі ағын су бағасының қымбаттығынан туындауда. Тұрғындардың 60 пайыздан астамы диқаншылықпен айналысып, күн көрісін егіншілікпен еңсеріп отырған ауыл халқына шарықтап тұрған су бағасы қиындық туғызуда. «Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер» демекші, «Қазсушар» кәсіпорнының удай бағасының құрығына іліккен шаруалар диқаншылықпен айналысудың тиімсіздігін, нарықтағы бәсекелестікке төтеп бере алмайтындарын алға тартуда». (А.Сатвалдиев. 2023 жылғы 18 мамыр)

«Елу жылда ел жаңа». Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мекемелердің нашар жабдықталуы.
«Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді, ел тұрмақ, елу жылдан бері техниканың өзін жаңарта алмай отырғанымыз өкінішті». (Б.Жексенбай. 2023 жылғы 15 маусым)
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» (айта-айта жауыр болған алаяқтық мәселесі).
«Екі күймек бір жанға әділет пе?» («ата-анасынан бір айырылып бір күйген, еркінен тыс шетел асып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып, үш күйген» балалардың тағдыры. Д.Қыдырәлі, 2024 жылғы 18 қаңтар).
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» (аймақтарды абаттандыру мен жасыл желек отырғызу).
«Бейбіт елде ғана береке бар» (ұрлық, жанжал, көпшілік алдында жұдырық жұмсау секілді келеңсіз көріністер жиілеп, қоғамда үрей тудырып, жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретуде).
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Әлеуметтік желілерде азаматтардың еркінен тыс есірткіге, жезөкшелікке, онлайн-казиноға, порнографиялық сипаттағы контентке т.с.с. жарнамалардың шыға беруі.
«Әлеуметтік желіде бір рилс көріп отырған адам аяқ астынан осындай контентке тап болады. Мұндай жағдайда мемлекет жүргізіп жатқан алдын алу, тәрбие және түсіндіру жұмыстарының тиімділігі қаншалықты болмақ? Бұл күрес «тесік шелекке су құйғанмен» бірдей болып қалмай ма деген сұрақ туындайды. Жалпы халық арасында «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген жақсы тараған бір сөз бар. Бүгінде осы сөзді сәл өзгертіп айтсақ, жарнаманың көкесін Facebook желісіне кіргенде көресің деуге толық негіз бар». (Г.Шиповских. 2026 жылғы 15 қаңтар)