Қоғам

Тоқаев МАГАТЭ бас директорына І дәрежелі «Достық» орденін берді

Президент Қазақстан МАГАТЭ-мен ұзақ жылдар бойғы серіктестікті жоғары бағалайтынын айтқан/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, кездесуде Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ықпалдастық перспективасы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Президент Қазақстан МАГАТЭ-мен ұзақ жылдар бойғы серіктестікті жоғары бағалайтынын айтқан.

«…Ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты ұстанымымыз ұқсас деп ойлаймын. Дегенмен әлемде аса күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл жаһандық проблеманы шешу жолдарын іздеуде күш біріктіруді талап етеді», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тереңдету туралы 2036 жылға дейінгі жол картасына және ядролық медицина мен ғылымды дамыту саласы бойынша құжатқа қол қойылғанын құптаған.

Кездесу барысында Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Рафаэль Гроссиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) –  БҰҰ аясында жұмыс істейтін тәуелсіз халықаралық ұйым. 2025 жылы МАГАТЭ-нің Қазақстанға АЭС салуға қолдау көрсететіні айтылды.