Банк пен қаржы

Ұлттық банк Ермек Серкебаев құрметіне монета шығарады

Ермек Серкебаев құрметіне монета
Әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаев құрамына монета шығарылады / фото: ҰБ

Қазақтың танымал опера әншісі Ермек Серкебаев құрметіне монета дайындалады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлайды.

Опера әншісіне арналған монета

«E. SERKEBAEV. 100 JYL» деп аталатын монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында дайындалды. Коллекциялық монета құны – 200 теңге. Ол мельхиор материалынан жасалады.

Массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated. Серкебаев монетасы 7 мың данамен таралады.

Ермек Серкебаев (1926-2013) – қазақ опера әншісі (лирикалық баритон), педагог және актер. КСРО халық артисі (1959) және Социалистік Еңбек Ері (1986). 1947 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының солисі болды. Монета дизайнында Серкебаев бейнесі пайдаланылған.

Айналайын монетасы

ҰБ тағы екі монета түрін саудаға шығаруды көздеп отыр. Олардың бірі «AINALAIYN» деп аталады. Монетаның аверс жағында құрақ көрпе, ою-өрнекпен көмкерілген «Жүрек» элементі орналасқан. Ол жылулықты, шексіз махаббат пен шынайы қамқорлықты білдіретін қазақтың «Айналайын» сөзінің мағынасын ашып тұр.

Монета 925 сынамалы күмістен жасалған. Дайындау барысында түрлі түсті баспа және құбылмалы кемпірқосақ реңкті қабат технологиясы қолданылған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof. Құны – 1 мың теңге. «Айналайын» 3 мың данамен таралады.

Дәл осы монетаның мельхиор (МН 25) қоспасынан тұратын түрі де сатылады. Оның номиналы – 200 теңге. 10 мың данамен таралады.

Коллекциялық монеталар 2026 жылғы 28 мамырдан бастап Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатылады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк Алтын орда құрметіне монета шығарған.