Жаңалықтар

Жазда қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша турнирлер өтеді

фото: kipd.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай
фото: kipd.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жазғы маусымда 6 спорт түрінен ұлдар мен қыздар арасында кем дегенде 10 республикалық чемпионат пен турнир өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, олар – жеңіл атлетика, дзюдо, регби, скейтбординг, су добы және үстел теннисі.

Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Министр жарыстар 9-15 жас аралығындағы қатысушыларды қамтитынын атап өтті. Ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас Үміт» халықаралық турнирі, жамбы ату, аударыспақ, асық ату, қазақ күресі және дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттары жоспарланған.

Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлерінде Балаларды қорғау күніне (1 маусым) және Спорт күніне (16 тамыз) орайластырылған спорттық-бұқаралық іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, турнирлер, чемпионаттар, жарыстар, спартакиадалар, марафондар, көңілді старттар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.

2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Болашақ ойындары» маңызды халықаралық оқиғалардың бірі болмақ. Оған мыңға жуық ерікті студенттер қатысады деп күтіліп отыр. Ал іс-шараның негізгі аудиториясы – балалар мен жасөспірімдер.

Айта кететін жайт, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов биыл шамамен 2 мың балаға тегін ұшақ билеті берілетінін мәлімдеген еді.