Жаңалықтар

Министрлік мектеп бітіру кештерін мейрамханада өткізуге тыйым салды

Биылғы мектеп бітіру кештері тек мектепте өтеді / Фото: shutterstsock

Биыл мектеп бітіру кештері тек білім беру ұйымдарының аумағында өтеді. Оқу-ағарту министрлігі мейрамхана, кафе және банкет залдарында кеш ұйымдастыруға тыйым салды. Сонымен қатар ата-аналардан заңсыз ақша жинауға жол берілмейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

Министрлік арнайы бұйрық қабылдады

«11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылды. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды», – деп мәлімдеді министр.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлескен бұйрық қабылдаған. Әкімдіктер бұл мәселені полициямен бірге бақылауда ұстайды.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда соңғы қоңырауда автокортеж ұйымдастырғандардың ата-анасына айыппұл салынды.