Жаңалықтар

Қазақстанда 5 мыңнан астам оқушы ресми түрде жұмыс істейді

Қазақстанда 14 жастан асқан 1,7 млн балаға жұмыс істеуге рұқсат берілген / Фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Қазақстанда 14-18 жас аралығындағы 1,7 млн балаға жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

5 мыңнан астам оқушы ресми түрде жұмыс істейді

Министрліктің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда 5 мың 300 оқушы ресми түрде жұмыспен қамтылған.

Министрдің сөзінше, жасөспірімдердің көбі сауда, ойын-сауық, демалыс және қоғамдық тамақтану салаларында еңбек етеді. Олар негізінен көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-кеңесші, аспаз көмекшісі және аниматор болып жұмыс істейді.

«Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар», – деді министр.

Ең көп жұмыс істейтін оқушылар мегаполистерде

14 пен 18 жас аралығындағы балалардың ең көп саны Түркістан облысында – 236,6 мың, Алматы облысында – 143,5 мың, Жамбыл облысында – 120 мың болып тіркелген.

Ал қалалар арасында Алматыда – 161,8 мың, Астанада – 107 мың, Шымкентте – 112 мың жасөспірім бар.

«Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу деңгейі мегаполистерде байқалады. Бұл республика бойынша жұмыс істейтін балалардың 59%-ы құрайды. Себебі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының басым бөлігі мегаполистерде орналасқан», – деді Асқарбек Ертаев.

«Менің жазғы каникулым» платформасы іске қосылған

Министр оқушыларды жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Соның бірі – Электрондық еңбек биржасындағы «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімі. Бұл бөлім өткен жылдан бастап жұмыс істейді.

Платформа арқылы 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер тіркеліп, жеке кабинет ашып, түйіндеме жариялап, бос жұмыс орындарын өз бетінше іздей алады.

Ал 16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркелуді ата-анасы немесе заңды өкілі рәсімдейді.

«Платформа қауіпсіз әрі ресми жұмыс іздеуге және міндетті еңбек шарттарын жасауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Министр мәліметінше, «Менің жазғы каникулым» платформасы арқылы 2026 жылдың басынан бері 1 024 оқушы, ал 2025 жылы 4 552 оқушы жұмысқа орналасқан.