
Қостанай облысының Арқалық қаласындағы жылу магистралін реконструкциялау және электр желілерін жаңарту жобаларын аяқтауға үкімет резервінен 5,8 млрд теңге бөлінді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бөлінген қаражат екі бағыт бойынша қарастырылған. 3 млрд теңге – қаланың электр желілерін реконструкциялауға 2,8 млрд теңге – ұзындығы 8,3 шақырым жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға жұмсалмақ.
Үкіметтің ақпаратынша, Арқалық қаласындағы жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тозу деңгейі жоғары. Осыған байланысты аталған жұмыстарды қолға алынып отыр.
Энергетикалық инфрақұрылым нысандарының едәуір бөлігі 1970 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан кешенді жаңартуды қажет етеді. Жылумен қамту саласында 2025 жылы Арқалық қаласының жылу желілерін жөндеуге 914 млн теңге бағытталды. Оның 645,5 млн теңгесі – Үкімет резервінен, қалғаны – облыстық бюджеттен. Бөлінген қаражат есебінен 1,6 шақырым желі жаңартылды.
«Жылу магистралінің қалған бөлігін реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жылу желілерінің тозу деңгейін 25%-ға төмендетіп, жалпы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің жұмыс істеу сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген ақпаратта.
Ал Риддер қаласындағы жылу орталығын жөндеуге үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлінген еді.