
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанада КҚК бас директоры Николай Горбаньмен жұмыс кездесуін өткізді.
Ақжайық ақпаратына қарағанда, кездесу барысында консорциумның 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен алдағы даму жоспарлары талқыланды. Компания биыл теңіз терминалы арқылы шамамен 72 млн тонна мұнай тиеуді жоспарлап отыр.
Тараптар Теңіз – Новороссийск жүйесі арқылы мұнай өндіру перспективаларын және мұнай айдау өтінімдерін орындау мәселесін қарастырды. КҚК мәліметінше, бұл акционерлерге төленетін дивидендтер мен салық көлеміне тікелей әсер етеді.
2025 жылы КТК-К Қазақстан аумағында шамамен 100,9 млн доллар көлемінде салық төлеген. Ал қазақстандық акционерлерге КТК-Р және КТК-К арқылы 272,9 млн доллар дивиденд берілген.
Кездесуде КҚК теңіз терминалындағы екі қашықтағы айлақ құрылғысын ауыстыру жобасы да сөз болды. Николай Горбань жаңа құрылғылардың дайын екенін, біреуі Новороссийскіге жеткізілгенін айтты.
Каспий құбыры арқылы жыл басынан бері 25,95 млн тонна мұнай жөнелтілген.