
Алматыда үш адам қайтыс болған әл-Фарабидегі апатқа қатысты сот процесі басталды. Сот барысында сотталушы Александр Пак марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады.
Қайтыс болған Құмар Теңелбаеваның анасының соттағы құқығын адвокат Мейірман Шекеев қорғап жатыр. Адвокаттың айтуынша, Александр Пак 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.
Қайтыс болған Томирис Қыдырбектің отбасы кешірім берген. Марқұм Құмар Теңелбаеваның анасы да кешірім беруге дайын болған. Алайда сот залына келген соң пікірін өзгерткен.
«Сотқа келе жатқан кезде Құмардың анасы «кешірім беремін» деген. Сот залына келген соң «кешірім туралы айтпа, сот барысын бақылайық» деді. Сондықтан кешірім бермеуі де мүмкін. Құмар қайтыс болған кезде сотталушының ата-анасы үйіне барып, кешірім сұраған. Сотқа келер кезде де тағы хабарласыпты», – дейді адвокат Шекеев.
Бұл бап бойынша тек бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Сот барысында азаматтық талап қоямыз. 100 млн теңгені материалдық және моральдық шығын ретінде сұраймыз. Ол қыздың несиеге алған көлігі бар екен. Соның бәрін есептедік», – дейді адвокат.
Бұған дейін қорғау тарабы сотталушы Александр Пактың бет-жүзін көрсетуге шектеу қоюды, қылмыстық іске қатысты БАҚ-та ақпарат жариялауға тыйым салуды сұраған еді.