Жаңалықтар

Алдағы онжылдықта жасанды интеллект әлемдік нарықты қалай өзгертпек

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум басталды
Астанада V Еуразиялық экономикалық форум басталды/ фото: Серикжан Ковланбаев

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум басталды. Форумға әлемнің 44 елінен 3000-ға жуық адам қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Еуразиялық экономикалық форум – еуразиялық интеграцияны дамытуға және нәтижелі диалог жүргізуге арналған тиімді алаң екенін айтты.

«Қазір алдымызда Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін одан әрі серпінді дамыту мен нығайту міндеті тұр. Бүкіл әлемде экономикалық байланыстар бұзылып, бәрі түбегейлі өзгеріп жатқан уақытта, сыртқы жағымсыз әсерлерге төтеп беру үшін бізге бірлесіп, келісіп әрекет ету керек. Әлемдік нарықтағы жағдай күрделі, тіпті көп жағдайда болжап айту да қиын.

Дәстүрлі экономикалық сын-қатерлердің үстіне «цифрлық серпіліс» қосылды, ол жақын арада ойын ережелерін толығымен қайта өзгертеді. Осыған байланысты, қазіргі форумның тақырыбы ерекше өзектілікке ие болып отыр», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

7 трлн долларлық әлеует

Жасанды интеллект технологияларының жедел дамуы әлдеқашан жаһандық экономиканың іргелі факторына айналды.

Президент осы орайда Goldman Sachs Халықаралық сараптамалық орталықтың мысалына тоқталып өтті. Сарапшылардың айтуынша, алдағы онжылдықта жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде әлемдік жалпы ішкі өнімнің әлеуетті өсімі шамамен 7 триллион долларды құрайды.

«Бұл жаңа технологиялық заманның тууына алып келеді. Ал ол, өз кезегінде, барлық салалардағы жұмыс орындарының түбегейлі өзгеруіне әсер етеді. Мысалы, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологияларының енгізілуіне қарай әлемдік еңбек нарығындағы жұмыс орындарының шамамен 40%-ы қысқарады. Әрине, бұл әлемнің әр түкпіріндегі жүздеген миллион адамдарды қайта оқытуды, олардың жаңа дағдылар мен жаңа білім алуын талап етеді», – дейді ол.

Президенттің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ету жылында Қазақстан маңызды ұсыныс тастады.

Одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, ортақ «төрт еркіндік» қағидасын қамтамасыз етуде жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде кеңінен қолдануды ұсынған еді.