
Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адам қайтыс болған жол апатына қатысты сот басталды.
Сотталушы Александр Пак сот залына жеткізілді. Адвокат оның келесі сот отырысына онлайн қатысуын сұрап отыр. Ал жәбірленушілердің құқығын адвокат Мейірман Шекеев пен Олег Чернов қорғайды.
Қорғау тарабы сотталушы Александр Пактың бет-жүзін көрсетуге шектеу қоюды, қылмыстық іске қатысты БАҚ-та ақпарат жариялауға тыйым салуды сұрап отыр. Айтуынша, Пактың кәмелет жасына толмаған үш баласы бар. Олар әкесіне қатысты жағдайдан хабарсыз.
Жәбірленуші тарап іс желіде қызу талқыланғанын, сол себепті БАҚ-та ақпарат жарияламауға негіз жоқ екенін айтты.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігінің жүргізушісі жарыс ұйымдастырып, жоғары жылдамдықпен қарсы беттегі Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам – жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапқан еді.