Жаңалықтар

Алматыда түнгі ойын-сауық орындарын бақылау күшейтілді

түнгі клуб
фото: ашық дереккөзден

Алматыда түнгі ойын-сауық орындарын бақылау күшейтілді. Мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу.  

Polisia.kz хабарлауынша, тексеру барысында Медеу ауданындағы түнгі клубтардың бірінде заңды өкілдерінсіз, жеке жүрген екі жасөспірімді анықтады.

Осы дерек бойынша жасөспірімдердің ата-аналарына кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жасөспірімдерді кіргізгені үшін жеке кәсіпкер де жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімімен түнгі клубтың қызметі уақытша тоқтатылды.

«Біз ойын-сауық орындарының иелеріне кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мұндай орындарда болуына жол берілмейтінін бірнеше рет ескерттік. Алайда кейбір кәсіпкерлер заң талаптарын елемеуді жалғастырып келеді. Әрбір осындай заңбұзушылық қатаң әрі бұлтартпас жауапкершілікке әкелетінін атап өткім келеді. Қызметті тоқтату – ерекше жағдай емес, заңда қарастырылған шара, –деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.

Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне басты басымдық беріп отыр. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау одан әрі күшейтілмек.

Мұның алдында Алматыда ішінде кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты PS Tokyo ойын клубы уақытша жабылған еді.