Қоғам

Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты өтіп жатыр

Атырауда сот процесі басталды/фото: Айгерім Таубай

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты басты сот талқылауы басталды. Ол қылмыстық кодекстің 13 бабында көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Алдын ала сот тыңдауында Сәрсемалиев істі алқабилердің қарауына беруге қажеттілік жоқ деп мәлімдеді

Сәрсемәлиев қайын жұртын қалай өлтірген?

Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов оқыған айыптау актісіне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев Атырау маңындағы үйде қайтыс болған.

Ол үйді Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева жалдап тұрып жатқан. Сол жерде Сұлтан мен Наурыздың арасында жанжал туып, Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті пышақтаған. Мәйітін үйдің іргесінде қазған шұңқырға көміп, үйдегі қан ізін тазалап шыққан. Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 млн теңге несие рәсімдеген.

Атыраудағы трагедия | Сұлтан Сәрсемәлиев өлім жазасына да дайын | Бес баланы кім бауырына басты?

Ал ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылдың 3 қарашасында қайтыс болған.

Сәрсемәлиев отбасында шыққан кикілжің өз пайдасына шешілмейтінін түсінген соң ата-енесін өлтіремін деп шешкен.

«Сәрсемәлиев 2025 жылдың 3 қарашасында 18:00 шамасында ерлі-зайыптының сарайға кіріп-шығып, шаруа жасап жүргенін көрген. Сол мезетте үйдің алдында отырған Сәрсемәлиев сарай ішіне кіріп, ет турауға арналған пышақты көріп, қылмыс қаруын дайындап қойған. 19:00 шамасында Сәрсемәлиев аулада отырып, Қарабалин не Өтешқалиеваның сарайға кіруін күткен. Бірінші болып үйден Өтешқалиева шыққан. Сәрсемәлиев оның артынан сарайға кіріп, ішкі бөлмеде шаруасын істеп жүрген Өтешқалиеваның артынан барып, арқасынан пышақтаған», – деді прокурор Бауыржанов.

Содан кейін қайын атасы Мақсот Қарабалинді де сарай ішінде пышақтаған. Артынша қара жерді 1 метр 30 см етіп қазып, екі мәйітті сол жерге көміп, бетіне линолеум төсеген.

Артынша Сұлтан Сәрсемәлиев қайын апасы Мейрамгүл Қарабалина мен әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваны ертіп, Атырауға барған. Қала маңында жалдап тұрып жатқан үй ішінде Сұлтан мен Мейрамгүл арасында жанжал шығады. Сол кезде Сұлтан ауылдан ала келген (ата-енесін пышақтап өлтірген) пышағын шығарып, Мейрамгүлге бірнеше рет сұққан. Әйел оқиға орнында қайтыс болған.

Сәрсемәлиев мәйітті кілемге орап, Наурыз Мұқанғалиевті көмген шұңқырға апарып көмген.

Бұған дейін KursivMedia Қарабалиндер тұрған үйдің қазірге жай-күйі қандай екенін көріп қайтты.