Жаңалықтар

Депутаттар «Қазгидромет» жұмысын реформалауды ұсынды

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазгидромет» РМК жұмысына реформа жасап, өз бетінше табыс табуына жағдай жасау керек. Ұлттық гидрологиялық орталық қызметі бюджетке салмақ түсіріп отыр. Мәжілісте Экологиялық мәселелерге қатысты заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин осындай мәлімдеме жасады.

«Қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК қызметтерінің басым бөлігі мемлекеттік монополия аясында жүзеге асырылады. Бұл ауа райы болжамдарына, арнайы ақпараттық қызметтерге және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты. Мұндай модель бәсекелестікті шектейді және бюджет қаражатының өз бетінше табыс әкеле алатын бағыттарға жұмсалуына әкеп соғады», – деп мәлімдеді депутат.

Ол «Қазгидрометтің» халық пен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар қызметтер, сондай-ақ жалпы мемлекеттік және халықаралық сипаттағы қызметтеріне ғана бюджеттен қаржы бөлу керек деп ұсынды. Ал арнайы ақпараттық қызметтер, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстар мемлекеттік монополиядан шығарылып, орталық өз бетінше табыс табуы керек.

«Бұл «Қазгидрометке» қосымша бюджеттен тыс табыс алуға және республикалық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Еділ Жаңбыршин.

Орман отырғызған, жерді қалпына келтірген бизнеске ынталандыру беріледі

Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар жаңа ормен егіп, тозған жерді қалпына келтіруге инвестиция салғаны үшін экономикалық ынталандыру тетігін енгізуді ұсынды.

«Заң жобасы орман және жайылымдық көміртегі офсеттері ұғымдарын енгізеді. Инвесторлар мемлекеттік орман қоры жерлері мен босалқы жерлерде жаңа орман алқаптарын құру үшін орман иелерімен тікелей шарттар жасаса алады. Мұндай жобалар аясында алынған көміртегі бірліктері нарықта сатылуы мүмкін. Бұдан бөлек, бұл бірліктердің бір бөлігі Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесіне есептеледі», – деп атап өтті депутат.

Заңсыз қоқыс полигондарын жою

Баяндамасында Еділ Жаңбыршин заңсыз қоқыс полигондарымен күресудің жаңа тетіктерін ұсынды. Оның сөзінще, енді ретсіз үйілген қоқыс орындарын жою міндеті тікелей қала және аудан әкімдіктеріне бекітілуі керек. Олар қоқыс жинау, тасымалдау және сұрыптау тарифтерін де белгілейді.

Депутатпікірінше, бұл өзгерістер қалдықтарды басқару жүйесінің экономикалық тиімділігін арттырып, салаға инвесторлардың келуіне жол ашады.

«Ал қазіргі тәсіл өңірлердің нақты инфрақұрылымдық және логистикалық шығындарын ескермейді және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының дамуына кедергі келтіреді», – дейді депутат.