
Ел аумағына кірген дронды шекара қызметі байқамай қалуы мүмкін бе? Осы сұраққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары Ерлан Алдажұманов жауап берді.
Ол тым жоғарыда ұшқан дрондарды шекара қызметі байқамай қалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Сіздер түсініңіздер, жер бетінде қызмет ететін шекарашылар тым жоғарыда ұшып бара жатқан дрондарды көрмейді. Мемлекеттік шекара бойынша заңға сәйкес, әуедегі мемлекеттік шекараны қорғау Қорғаныс министрлігі, Әскери Әуе күштерінің міндеті. Сондықтан сұрақты сол ведомствоға жолдаған дұрыс болар», – дейді ол.
ҰҚК өкіліне сұрақ қоюға негіз болған – 25 мамырда белгісіз дрондардың ұшуына байланысты тараған ақпарат. Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде Батыс Қазақстан облысының көгінде дрондар ұшып жүргені байқалады. Ұшу аппараттарының екі тәулік қатарынан ұшып жүргенін куәгерлер бейнеге түсіріп алған.
Бұл іске қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, әуе кеңістігін бұзу фактілері тіркелген жоқ деп хабарлады.