Жаңалықтар

Енді мемлекеттік қызметкер көңілдесі мен тоқалын жұмысқа ала алмайды

Фото: Делия Айдаралиева, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Сенатта мүдделер қақтығысының алдын алу үшін шенеуніктер жариялауға міндетті байланысты тұлғалар тізімін кеңейтетін заң мақұлданды.

Ресми тіркелмеген қарым-қатынастар қалай заң жүзінде қарастырылатыны және жаңа нормалары қашан күшіне енетіні туралы сенатор Андрей Лукин айтып берді.

«Дос-жарандар» емес, азаматтық некедегілер де енгізілді

Брифинг барысында Лукин заңнамада тек нақты құқықтық ұғымдар қолданылатынын айтты. Сондықтан «достық» секілді түсініктерді нормативтік актілерде көрсету мүмкін емес. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге ілігетін тұлғалар қатары ерлі-зайыптылардың туыстары мен азаматтық некеде тұратын адамдар есебінен едәуір кеңейген.

«Заңнамада «дос-жаран» деген анықтама жоқ. Біз заңда байланысты тұлғаларды нақты белгіледік. Онда жақын туыстар – аға-інілер, әпке-сіңлілер, ата-аналар, ерлі-зайыптылар, олардың балалары, сондай-ақ немере ағайындар мен олардың жұбайлары көрсетілген. Азаматтық некедегі адамдарға келсек, заңда олар «ортақ шаруашылық жүргізетін тұлғалар» деп жазылды», – деді Лукин.

Мүдделер қақтығысына қатысты норма қалай жұмыс істейді

Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мұқсимов мұндай шектеулер жаңа тәжірибе емес екенін айтты. Оның сөзінше, байланысты тұлғаларға қатысты ұқсас ұғымдар Салық кодексі мен заңсыз активтерді қайтару туралы заңда бұрыннан қолданылып келеді.

Оның айтуынша, жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және кері күшке ие болмайды.

«Қазірдің өзінде осындай мүдделер қақтығысы жағдайында жұмыс істеп жүрген адамдар қызметін жалғастыра береді. Бұл талаптар тек 2027 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жаңа құқықтық қатынастарға қатысты қолданылады», – деді Мұқсимов.

Мұның алдында шенеуніктердің есірткі тұтынған-тұтынбағаны жыл сайын тексерілуі мүмкін екені хабарланды.