Жаңалықтар

Путин Тоқаевтың Орыс тілі ұйымының жұмысын дамыту туралы ұсынысына алғыс айтты

фото: Ақорда

Бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі өтіп жатыр.

Путин сөзінде екі тараптың инвестициялық байланыстары нығая түсетініне сенім білдірді.

«Қазір ортақ жеті инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, бұл әлі басы ғана. Біз оны бүгінгі кездесу барысында да талқыладық. Серіктестігіміздің тың бағыттары сапалы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ресей басшысы.

Ол ресейлік жоғары оқу орындарында 60 мыңнан аса Қазақстан азаматы оқып жатқанын атап өтті. Ал Қазақстанда сегіз ресейлік ЖОО-ның филиалдары жұмыс істейді.

«Осы жерде сіздің ұсыныңызбен құрылған «Халықаралық орыс тілі ұйымын» ерекше атап өткім келеді. Ұйым қазір жұмысына кірісіп кетті. Айта кететін нәрсе, кеше сізбен болған бейресми кездесуде ол ұйымның жұмысын әрі қарай қалай ұйымдастыруға қатысты белгілі бір ескертулер айттыңыз. Сіздің тиімді ұсыныстарыңызды қабылдадым және сол үшін рахмет айтқым келеді», – деп атап өтті Путин Тоқаевқа.

Путин тілге тиек еткен «Халықаралық орыс тілі ұйымын» құру туралы идеяны Қазақстан президенті 2022 жылы ұсынған. Келісімге 2023 жылдың 13 қазанында Бішкек қаласында өткен ТМД саммитінде қол қойылды. Ұйымның жұмысы орыс тілін БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың ресми тілі ретінде одан әрі ілгерілетуге бағытталған.

Айта кетейік, Путин Қазақстанға 27 мамырда келді. Оны Тоқаев әуежайдан салтанатты түрде қарсы алды. Бүгін Тәуелсіздік сарайында ресми келіссөздер жүріп жатыр.